«Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақаралық көрме жобасы

17 маусым – 17 шілде 2011 ж.

      «Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақаралық көрме жобасы аясындағы Павлодар облысы музейлері қорларынан ұйымдастырылған «Ұлы даланың сазы» көрмесі.
      Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілген бұл көрмеге бейнелеу өнері туындылары, құнды палеонтологиялық және археологиялық қазбалар, аймақтың тарихы және экономикалық жағдайы жайлы баяндайтын жәдігерлер қойылды.
      Қазақстанның солтүстік-шығысы – сәулетті алқап және Қазақстанның ірі өзені – Ертістің ағымы... Бұл – Павлодар облысы. Ертістің Павлодар өңірінде бәрі де бар: ұшы-қиырсыз дархан даласы, қайың тоғайлары, қарағайлы ормандары, таулары, көптеген көлдері. Аймақты ежелгі Ертіс екіге бөледі. Оның жайылмасы да бірегей және өте бай. Облыстың аса ірі бөлігін қазақтар ежелден «Сарыарқам – Алтын» далам деп атап кеткен тегіс дала алып жатыр. Онда расында да, орасан зор байлықтар бар.
      Экспозиция үш залға орналасты. Үлкен Банкет залында Павлодар өңірінің қазіргі заманғы суретшілерінің шығармашылық жұмыстары қойылды. Олардың арасында: К. Баймулдин, А. Бибин, А. Гулин, А. Игембаев, Қ. Қаржасов, П. Лысенко, А. Оразбаев, В. Поликарпов, В. Приходько, О. Шуранов, Е. Фридлин және т.б. бар. Шеберлер суреттеген бұл туындылардың негізіне адами таным, философиялық толғаныс тақырыптары, табиғаттың көркем бейнесі, портреттік жанр, ұлттық болмыс бейнелері мен нышандары, тарихи сюжеттер алынған.
      Кіші банкет залында Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі және Қ. Сәтпаев атындағы музейлер қорынан әкелінген, өңірдің ежелгі және қазіргі заманғы тарихымен, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайымен таныстыратын фотомәліметтер, мұрағаттық құжаттар мен экспонаттар ұсынылды. Мұнда б.з.д. 65-70 млн. ж.б. кезеңге жататын палеонтологиялық және археологиялық артефактілер, үш тұяқты жылқы тектес гиппарионның сүйек қаңқалары, үлкен мүйіз тұмсықтар, мұз дәуіріне жататын мамонттың тістері т.б. жәдігерлер қойылды. Келушілер XIX ғ. аяғы XX ғ. басындағы материалдық мәдениет ескерткіштері және халық шеберлерінің зергерлік бұйымдарымен таныса алды.
      Түскі ас залында Павлодар өңірі тумаларының: ғалымдар, жазушылар, ақындар мен қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі жайлы баяндайтын экспозиция орналасты. Осы өңірден шыққан атақты ақын Бұқар жырау, композитор және ақын Ж. Байжанов, тарихшы-ағартушы М. Көпеев, ақын-демократ С. Торайғыров, ақын және философ Жаяу Мұса, кинорежиссер және актер – КСРО Халық әртісі Ш. Айманов, геолог, Қазақстан Ғылымдар Академиясының бірініші Президенті Қ. Сәтбаев және т.б. ұлы тұлғалар мұралары өшпес қазынаға айналған.
      Д. Багаевтың Мемориалды үй-мұражайы келешек ұрпақты қазақ халқының өткен ғасыр басындағы өмірі және тұрмыс-тіршілігімен таныстыратын фотосуреттерді ұсынды.