ЕЛОРДА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ПАВЛОДАРЛЫҚ ЖАС СУРЕТШІЛЕРДІҢ КӨРМЕСІ

2018 жылдың 16 сәуірінде Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында Павлодар қаласы № 1 Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы түлектерінің дипломдық жұмыстары көрмесінің ашылу салтанаты өтті. «Туған өлкем» көрмесі 2018 жылдың ақпанында бастау алған балалар шығармашылығын қолдау бойынша аталмыш республикалық бағдарламаның аясында ұйымдастырылды. Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Туған өлкем» бағдарламасының шеңберіндегі барлық көрмелер елорданың мерейтойына арналады.

Көрмені ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов:

Елбасы кітапханасы Астана қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен бірлесіп, Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласына үндеу ретінде басталған «Туған өлкем» балалар шығармашылығын қолдау бойынша республикалық бағдарламаға бастамашы болды. Бағдарлама талантты және дарынды балаларды қолдауға, балалар шығармашылығын насихаттауға бағытталған. Елорда тұрғындары мен қонақтары бағдарламаның арқасында еліміздегі балалар көркемсурет мектебінің ең үздік туындыларымен танысады, ал оның қатысушылары өзінің өнердегі жетістіктерін үлкен алаңдарда көрсетуге мүмкіндік алады. көрменің барлық қатысушылары мен жас қонақтарына алғыс білдіріп, шығармашылық табыс, шабыт тілеймін. Оқуда озат болып, биік мақсаттарға жетуге талпына беріңдер, – деді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан суретшілер академиясының академигі Өсербай Шуранов Павлодар қаласы оқушыларының жұмыстарын елордада көрсетуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді:

– Павлодар қаласындағы № 1 Балалар көркемсурет мектебі республикадағы таңдаулы мектептердің бірі болып саналады. Тәжірибелі оқытушылық құрам, мығым материалдық қор, білікті басқару менеджменті оқушылардың дайындық сапасын жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Біз оқушыларымызға қолдау көрсету үшін арнайы келдік. Ұстаздарды құттықтап, оқушыларға шығармашылық табыстар тілеймін. Шығармашылықпен тұрақты түрде айналысқан балалар білімдерін толықтырып, машықтанып қана қоймайды. Олар өз елінің мықты азаматтары болып өседі.

Павлодар қаласындағы № 1 Балалар көркемсурет мектебінің директоры Ләйлә Мағзамова аталмыш шараның маңыздылығын ерекше атап өтті:

– Біз үшін Елбасы кітапханасында өткен көрме – үлкен абырой әрі мақтаныш. Бүгінгі көрмені сүйікті елордамыздың мерейтойына арнаймыз. Көрме елорда күніне павлодарлықтардың атынан шығармашылық тарту болады деп ойлаймын. Біз оқушыларымыздың ең үздік деген 80 жұмысын жай әкелген жоқпыз. Өйткені биыл Павлодар облысына 80 жыл толады. Елбасы кітапханасының басшылығына бізді шақырып, осындай қызықты жобаны жүзеге асыруда өз үлесімізді қосуға мүмкіндік бергендері үшін алғысымызды білдіреміз.

Директордың орынбасары Инна Масленникова Павлодар қаласы № 1 Балалар көркемсурет мектебінің құрылуы мен даму тарихы туралы айтты:

– Көркемсурет мектебі 1979 жылы құрылған. Мектеп мұғалімдерінің педагогикалық жұмыстарының аса маңызды міндеттерінің бірі – қоршаған ортаны сезініп, жақсы көре білетін, оны жеке шығармасымен әрлендіруге тырысатын үйлесімді тұлға тәрбиелеу болып табылады. Оқуға келген жас суретшілердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қазір мектепте 500 оқушы бар. Мектептен жыл сайын орта есеппен 80 түлек шығады. Түлектердің 60 %-ы осы мамандық бойынша өз білімдерін жалғастыруды ниет етіп, шығармашылық мамандыққа түсуге ұмтылады. Оқу мен шығармашылық жетістіктеріміздің жоғары деңгейін Қазақстанның, сонымен қатар таяу және алыс шетелдердегі арнайы орта және жоғары оқу орындарына түскен оқушыларымыздың саны дәлелдеп отыр. Біздің мектебіміздің оқушылары – Қазақстандағы ғана емес, Ресей, Польша, Үндістан, Чехия, Тайвань, Британия, Германия, Эстония, Жапония, Қытай елдерінде өткен түрлі байқаулар мен фестивальдердің жүлдегерлері мен дипломанттары.

Көрмеге арнайы шақырылған өз ісінің шеберлері – кәсіби суретшілер жас суретшілердің жұмыстарын жоғары бағалады. Екі кәсіби бірлестік – Еуразиялық дизайнерлер одағы және Астана қаласындағы жас суретшілер бірлестігі одағының мүшесі Гүлдана Жұрқабаева жұмыстардың өте тамаша орындалғанына тоқталды:

– Көрмеге ұсынылған картиналар барлық жанрлар мен техникаларды қамтыған. Әсіресе қолданбалы техникалар – батик, киізбен жасалған жұмыс күрделі болып саналады. Алайда осы техникамен орындалған жұмыстар ерекше көз тартады. Акрилмен орындалған картина шынайы сюжетімен тәнті етті. Аса нәзік кесіндімен жасалған бедерлі панно көздің жауын алады. Сондай керемет! Ұстаздарының мықты әрі шығармашылық жандар екені сезіліп тұр.

Балалар көркемсурет мектебі ұстаздары мен оқушыларының көп жылғы еңбегі көрініс тапқан көрме көрерменге қуаныш пен эстетикалық әсер сыйлап қана қоймай, философиялық ой салуды көздейді.

Көрме 2018 жылдың 20 мамырына дейін жалғасады.